Хадис ғылымы жайлы қысқаша мағұлмат
Хадис ғылымы жайлы қысқаша мағұлмат

1. “Хадис” сөзiнiң мағынасы
“Хадис” сөзiнiң тiлдiк мағынасы – жаңа, сөз, әңгiме. Шарғи мағынасы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөздерi, iстелген iстерi мен төрелiктерiнiң жинағы.
2. “Хадис” пен “сүннәт”-тiң айырмашылығы
Мухаддистердiң (мухаддис – хадис ғалымы) айтуынша “хадис” және “сүннәт” сөздерi шарғи мағына жағынан бiр-бiрiне өте жақын. Толығырақ айтқанда, “хадис” және “сүннәт” – Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан сөздерi, iстеген амалдары, шарғи үкiмдерi. Алайда, бұл екi сөздiң түпкiлiктi мағыналарына үңiлер болсақ, арасында бiршама айырмашылық барын аңғарсақ болады.
“Хадис” – сөйлеу және айту арқылы келген хабар. Әрi Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзi не болмаса iстеген амалы “хадис” деп айтылады. ғұламалардың кейбiрi “хадис” сөзiнiң “жаңа” деген мағынасы бар екенiн ескере тұрып, оны “қадим” (ескi, бұрын болған) сөзiне қарсы мәндес сөз ретiнде қолданып, “қадим” дегенде Қасиеттi Құран Кәримдi, ал “хадис” дегенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерiн назар тұтқан. Осы себептен ғұламалардың көпшiлiгi Аллаһ Тағаланың сөзi болған Қасиеттi Құран Кәримдi “хадис” деуден сақтанған.
“Сүннәт” сөзiнiң тiлдiк мағынасы – жол. Шарғи мағынасы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) iстеген iсi, ұстанған дiни жолы. Бұған дәлел ретiнде “хадис” және “сүннәт” сөздерiнiң түпкiлiктi мағынасынан хабардар болған ғұламалардың: “Бұл хадис қиясқа, сүннәт пен ижмаьқа (ижмаь - ғалымдардың ұжымдық қаулысы) қарсы келедi”, “хадис имамы (ғалымы)”, “сүннәт имамы”, “хадис және сүннәт имамы”, - деген сөздерiн келтiрсек болады.
3. “Құдси” хадис
Хадистер iшiнара “нәбәуи” және “құдси” (сөзбе-сөз: қасиеттi) болып екi түрге бөлiнедi.
“Нәбәуи хадис” - сөзi және мағына жағынан тек Пайғамбарға (с.ғ.с.) қатысты болған хадис. Мысалы: “Менiң атымнан жалған айту басқалардың атынан жалған айтқандай жай нәрсе емес. Кiм менiң атымнан жалған сөз айтса, тозақтан өзiне орын әзiрлей берсiн.” (Имам Бухари және Имам Муслим) 
“Құдси хадис” - Құран аяттары тәрiздi анық уахи (хабар) етiлмеген дiнге қатысты Аллаһ Тағаланың бұйрығы. Осы себептен “құдси хадис” дәрежелiк жағынан Құран аяттары мен “нәбәуи хадистiң” арасында тұрып, “Аллаһ Тағала айтады…” деген сөзбен басталады. Осы себептен, кейбiр ғұламалар: “Құдси хадис” – Аллаһ Тағаланың сөзi”, - деген пiкiрде болған. Алайда, ғұламалардың көпшiлiгi: “Құдси хадистiң” сөзi - Пайғамбардан (с.ғ.с.), мағынасы – Аллаһ Тағаладан”, - деп айтқан. Әбу Әл-Бақоның “Күллийатү Әбил-Бақо” атты еңбегiнде осы айтылғанға қатысты былай деген: “Құран –анық уахи арқылы Аллаһ Тағала хұзырынан түсiрiлген сөз және оның мағынасы. Хадис құдси – илһам (көңiлге салу) немесе түсiнде хабар ету арқылы Аллаһ Тағала хұзырынан келген сөз.”
4. Хадис ғылымындағы дәрежелер
“Риуаят етушi” – хадистi айтып берушi. “Риуаят” сөзiнiң өзi – “айтып беру”, “айту”, “хабар ету” деген мағынаны бiлдiредi.
“Муснид” – хадистi, оны айтып берген адамдардың тiзiмiнде қателеспей айтып берушi. “Муснидтiң” хадис ғылымы саласында арнайы бiлiмi болуы шарт емес. Оның мiндетi тек хадистiң мәтiнi мен тәртiп бойынша оны риуаят етушiлер тiзiмiн айны-қатесiз айтып беру.
“Мухаддис” – хадистi, оны айтып берушiлердi, олардың қандай адам екенiн (мысалы, өтiрiк айтпайтын немесе жалған сөйлейтiнiн) бiлген, мүмкiндiгiнше хадистердi жатқа бiлген, “кутубу ситта”-ны, Имам Ахмад ибн Ханбалдың “Муснад”-ы, Имам Байһақидiң “Сунан”-ы мен Имам Табаронидiң “Муьжам”-ын оқып, зерттеген, әрi бұған қоса мың жүзге жуық хадистердiң мәтiнiнен хабары болған адам.
“Хафиз” – хадис ғылымымен шұғылданғандардың арасында ең жоғары дәреге ие болған адам. “Хафиздер” түрлiше сипатталған. Кей ғалымдардың пiкiрiнше ол сипаттамалардың кейбiрi төмендегiше - Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннәттәрiн бiлiп, олардың муснидтерiнен хабары болу. Тек дұрыстығында күмән болмаған хадистермен амал етiп, iшiнде қайшылық болған хадистердi жатқа бiлу. Хадистердi мағынан жағынан айыра бiлу. “Хафиздер” мыңдаған хадистi жатқа бiлумен ерекшеленген. Мәселен, Имам Бухари: “Мен жүз мың сахих (дұрыстығында күмән болмаған) және екi жүз ғойри сахих (дұрыстығында күмән болған) хадистi жатқа бiлемiн”, - деп айтқан. Алайда, “хафиздер” мыңдаған хадистердi жатқа бiле тұрып, қате не болмаса жат нәрсенi Исламға телуден сақтанып, оның белгiлi мөлшерiн, яғни сахих хадистердi ғана риуаят еткен. Мухаддистердiң мұндай тақуалығына қатысты Әл-Аьмаш былай деп айтқан: “ғылым, шариғатқа бiр “уау”, “әлиф” не болмаса “дәл” (яғни, бiр әрiп) қосудан көрi, аспаннан жерге құлап жан тапсыруын артық көргендердiң қолында болды. Ал, қазiргi таңда ғылым ойланбастан ант ететiндердiң (яғни, ынсапсыздардың) қолына өттi.”
“Хаким” – хадис ғылымында керемет көп хадистердi жатқа бiлетiн, оның назарынан кейбiр хадистер ғана шет қалғандай шалқар бiлiмдi адам.
5. Иснад және муснад
Иснад сөзiнiң екi мағынасы бар. Оның бiрiншiсi – хадистi айтқан кiсiсiне тиiспеу. Екiншi мағынасы – хадис мәтiнiне жеткiзетiн рауилердiң шежiресi (тiзбегi). Сонымен қатар, мағынасы жағынан жақын болу себебiнен хадис ғылымында “иснад” сөзiмен қатар “санад” сөзi де қолданылуы мүмкiн. өйткенi, “санад” сөзiнiң тiлдiк мағынасы – “таяныш, сүйенiш” болса, ал хадис ғылымы саласында “иснад” тәрiздi – “мәтiнге жеткiзетiн рауилердiң шежiресi” мағынасында қолданылады.
Иснадтың маңыздылығына жайында Имам Аузағи: “Иснадтың жоғалуы – iлiмнiң жоғалуы”, - десе, белгiлi ғалым Абдуллаһ ибн Мүбарак: “Иснад – дiн, егер иснад болмаса кiм не қаласа соны айтады”, - деп айтқан.
Иснад – риуаятты бiреуге сүйеу, яғни “пәленше айтты” деу. Ал олай дейтiн кiсi хадистi кiмнен естiгенiн, ол ұстазы хадистi кiмнен нақыл еткенiн, оның соңы Пайғамбарға (с.ғ.с.) тұтаса ма, жоқ па екендiгiн толығымен, жаңылмай, шатастырмай айта бiлуi қажет. Осы талапқа жауап бере алмаған “мен мухаддиспiн” дей алмайды. Демек, иснадсыз, бiреуге сүйемей хадис айтудың қадiр-құны жоқ. Мұса пайғамбардың Таураты қанша мадақтаса да, сонау кiтапты қабылдап алған пайғамбарынан неше мың жылға ұзақтап кеттi, ал Iнжiлдiң нұсқаларының көптiгiнен христиан дүниесiнiң басы қатып отыр. “Жоханнан” (от Иоанна) немесе “Матайдан” (от Матфея) деп жазылған кiтаптың “от”-ты айтып отырған кiсiнiң кiм екендiгiн бiз түгiл, соншама ынталы христиандардың өздерi де бiлмес. Тiптi, сол дәрiптелген Iнжiлдiң қай тiлде түскенiн де ешкiм дөп басып айта алар ма екен? Ал (Құран аяттарын былай қойғанда) Исламда “дағиф” (сенiмдiк дәрежесi әлсiз) хадистiң де иснады бар, оны айтқан кiсi мен оны тiркеген жандар атаулы. Ислами кiтаптарда күдiк тудыратын тұжырымдар жоқ.
6. Хадистердiң түрлерi
Хадис, дұрыстығында күмән болу немесе болмауына байланысты “мақбүл” (қабыл етiлетiн) және “мардуд” (қабыл етiлмейтiн) болып бөлiнедi. “Мақбүл” хадистi – сахих (дұрыстығында күмән болмаған), “мардуд” хадистi – дағиф (әлсiз, нашар) деп айтады. Сонымен қатар, екеуiне де ортақ болған хадистi “муштәрәк” деп атайды.
Дiн саласында хабары аз адамдардың арасында көп кездесетiн жағдай - оң-солына жетпей Пайғамбар (с.ғ.с.) не болмаса сахабалардың р.л.ғ. аузынан шықпаған сөздi “хадис” деп айтуы. Мұндай жағдайда ондай адамның айтқан сөзi “хадис” емес, жалған болады. Бұл айтылғанға мысал ретiнде Имам Хакимнiң сөзiн келтiрсе болады: “Бiзге Мухаммад ибн Хатим Әл-Каши келдi. Ол Абдi ибн Хумайд атынан хадис айта бастады.
Әбдi қашан қайтыс болды? – деп сұрадым.
206 жылы – дедi ол.
Бұл кiсi Әбдi ибн Хумайдтын өлген соң 13 жыл кейiн хадис естiптi.”
Мұндай әңгiме “маудуь (жалған) хадис” деп айтылады.
7. Сахих хадис
Хадис саласында дұрыстығына қарай хадистердiң дәрежелерi болады.
Сахих – муснады мен иснады үзiлмеген және нұқсансыз, оны айтушы мен одан риуаят етушiнiң ақыл-есi дұрыс, дұрыстығында күмән болмаған хадис.
Сахих хадистер iштей “мутауатир”, “ахад”, “машһур”, “мустафиз”, “азиз” және “ғариб” болып бөлiнедi.
1) Мутауатир – рауилердiң шежiресiнде тек шыншыл, жалғандыққа барматын рауилердiң айтқан хадистер. “Мутауатир” хадистер өз кезегiнде:
Мутауатир ләфзи – сөзi (лебiзi) де, мағынасы да “тауаутур” үкiмiнде болған хадис. Мысалы: “Менiң атымнан әдейi жалған сөйлесе, тозақтан орнын дайындай берсiн” хадисi. Бұл хадистi жиырмадан аса сахаба р.л.ғ. риуаят еткен.
Мутауатир маьнауи – мағынасы “тауаутур” дәрежесiне жеткен, сөзi тауатур дәрежесiнде емес. Мысалы, намазда қол көтерiп құлақ қағу, дұғада қол көтеру сияқты хадистердi жүз қаралы сахаба риуаят еткен. Осы тәрiздi хадистер тым көп, бiрақ түрлi орындарда әртүрлi себептерге байланысты келiп, олардың арасында дұғада қол көтеру белгiсi ортақ болып жеткен. Дұғаның басқа түрi жоқ.
Мұндай хадистердiң түрi көп, мысалы, мәсiнiң немесе етiктiң үстiнен мәсiх тарту, намазда екi қолды көтеру және: “Аллаһ Тағала бiр пендесiн көркейтсiн, ол Менiң айтқан хадисiмдi естiп…” деп басталатын хадисi. Бiз мұндай хадистi iздесек тым аз.
2) Әәхәд – бiр ғана адам риуаят еткен, “мутауатир” хадистiң дәрежесiне жете алмаған хадис. “Әәхад” хадистерiнiң үкiмi дәлелдi, зерттеудi қажет етедi.
3) Машһур – бұл да “мутауатир” хадистiң дәрежесiне жете алмаған, үш немесе одан көп мухаддис риуаят еткен хадис. Мысалы: “Аллаһ Тағала ғылымды суырып алмайды…” хадисi. Хадистi Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Тирмизи, Имам Ибн Мажәһ және Имам Ахмад риуаят еткен.
4) Мустафиз – машһурге ұқсас, бiрақ машһурге қарағанда жалпылау хадис. “Мустафиз” хадистiң рауилерi екеуден артық болуы шарт.
5) Азиз – рауилерi екеуден кем болмаған хадис. “Азиз” хадистiң рауилерi екiден артық болуы мүмкiн, алайда екiден төмен болмауы тиiс.
“Машһур” хадистiң иснады дұрыс болса, “мустафиз” және “ғариб” хадистерiнен жоғары тұрады. Ал, “ғариб” деп бiр ғана рауи риуаят еткен хадистi айтады.
8. Хасан хадис
ғұламалар “хасан хадистiң” түсiнiктемесiне қатысты түрлi пiкiр айтқан. Соның iшiнде “қандай хадис “хасан” болады?” деген сұраққа – “муттафақун ьаләйһи” болмаған, яғни Имам Бухари мен Имам Муслим “Сыхахтарына” енбеген сахих хадистер” деген жауап бар. “Хасан” хадис “сахих” және “даьиф” хадистерiнiң арасындағы дәреженi иеленедi.
9. Даьиф хадис
Даьиф – “сахих” және “хасан” хадис сипатында болмаған, яғни, иснады мен муснадында және мәтiнiнде белгiлi дәрежеде кемшiлiктерi болған мен хадис. Даьиф хадистер iштей “мурсал”, “мунқотиь”, “муьдәл”, “мудаллас”, “муьалләл”, “мудтариб”, “мақлүб”, “мункар” және “матрук” болып бөлiнедi.
10. Бүкiл әлемге әйгiлi мухаддистер және олардың еңбектерi
Қазiргi таңда кеңiнен тараған, түгел Ислам әлемi мойындаған ең алғашқы алты хадис кiтабы “Сыхах ситтә” – “Атақты Алтау” деп аталады. Оқырмандар үшiн осы “Атақты Алтауды” таныстырған артық болмас, өйткенi бұл еңбектердi жазған кiсiлер хадис ғылымында Ислам әлемiнiң маңдайына бiткен алты жұлдыз iспеттi қаралады. Бұл “алтылықтың” алғашқы төртеунiң жазбагерлерi түркi тектес жандар едi, олар: Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Тирмизи, Имам Насаи. Имам Әбу Дауд та Иранның Систан уәләятынан, ал “Систан” сөзiне Файрузабади сөздiгiнде мынадай түсiнiктеме бар: “Систан” – араби “сижистан”, әсiлiнде “сақстан”, сақ тайпалары жасаған жер”.
1. Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Исмағил ибн Муғира ибн Бардызда (Бiртiзбе болуы да мүмкiн) Әл-Бухари Әл-Жуьфи. 194 һижрада 13 шәууәл айында Бухарада туылған. 256 һижраның Рамазан айының айтында қайтыс болды. Ол жетiм өскен, жастай Құранды жаттаған, 9 жасында хадиске қойған. 210 һижрада анасы және бауырымен қажылыққа барып, хадис ғылымы жолында сонда қалды. Ол 16 жылда “Әл-Жәмиьус-Сахих” кiтабын жазып, оған 600 мың хадистен 9000 хадистi терiп қосты. Имам Бухари жастай көзден зағип болып қалады. Анасы дуалы ауыз, өте пәк кiсi болатын. Соның дұғасының себебiнен Имамның көзi ашылды. Оған түсiнде Ибраһим пайғамбар келiп: “Ей, пәкиза жан! Хақ Тағала мейiрi түсiп, сенiң дұғаңның арқасында балаңның көзi қайта қалпына келдi”, - деп хабар бердi. Ол кiсi қайтыс болып, жерленген соң, оның қабiрiнен қанша уақыт өте жағымды хош иiс тарап жатты. Бұған сол Хартаң қыстағы тұрғындарының бәрi де куәлiк еткен.
2. Имам Муслим, ол Әбул-Хасан Муслим ибн Хажжәк ибн Муслим Ән-Нисабури (206-261 һ.ж.) Ирақ, Хижәз, Шам елдерiн аралаған. Имам Бухариден де пайдаланған, оны бағалай бiлген. Имам Ахмад, Исхақ ибн Роһайуһ және басқа ғұламалар оның ұстазы болды. 4000 түбiр, негiз болған, қайталанбас хадис кiтабы “Сахихтi” жинақтады.
3. Үлкен хафиз, “хүжжәт” – iлiмi хадисте уәж, дәлел, Әбу Иса Мухаммад ибн Иса Ибн Саура Әт-Тирмизи. Имам Бухари мен Ибн Мәдинидiң шәкiртi. Хадис жат алуда оны жұрт үлгiге айтатын. Ол өзiнiң кiтабын былай дейдi: “Мен бұл кiтапты аяқтап, Хижәз, Ирақ және Хорасанның ғұламаларына көрсеттiм. Олар разыдық бiлiдiрдi. Кiмнiң үйiнде осы кiтап тұрса, мысалы оның үйiнде бiр пайғамбар сөйлеп тұрғандай”. Имам Тирмизи 209 жылы туылып, 279 һижрада Термiз қаласында қайтыс болған. “Әл-Жәмиь” кiтабының жазбагерi.
4. Хафиз, Исламның шайхы, Әбу Абдур-Рохман Ахмад ибн Шуғайб ибн Әли Әл-Хорасани Ән-Насаи Әл-Қази. “Сахих” атты хадис кiтабын жинақтаған. өз заманында Мысырдың ең көрнектi машайхтарының (ұстаз) бiрi болып, iлiмi хадис бабында “рижәл” (хадис риуаятшылары) және хадис мәтiндерi бойынша сұңғыла ғалым едi. Имам Насаи 215 һижрада туылып, 303 жылы Палестинада қайтыс болды.
5. Әбу Дауд: Сулеймен ибн Ашғас ибн Исхақ Әл-Әзди Сижистани. “Сунан” аталатын хадис кiтабының аâторы. Имам Мухаммад ибн Исхақ Сағани айтады: “Дәуiт пайғамбарға темiрдi жұмсартып бергендей, Аллаһ Тағала оған да хадистi иiп бердi”. Хадис хафиздерiнiң бiрi Мұса ибн Ибраһим былай деген: “Мына жалғанда Әбу Дауд хадиске, о дүниеде жәннат үшiн жаралғандай. Онан артық жан көрмедiм”. Ол 202 һижрада туылып, 275 жылы дүние салған.
6. Ибн Мажәһ: муфассир (тафсиршi), хафиз, Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Язид Әл-Қазуини. “Ибн Мажәһ” әкесi Язидтiң лақабы. 209 һижрада туған, 273 жылы, Рамазан айында қайтыс болды. Бұл кiсiнiң “Сунан” атты хадис жинағы бар.

Аманжол ӘлиАманжол Әли
5 жыл бұрын 28776
0 пікір
Блог туралы