БӘС ТІГУ – ҚҰМАР ОЙЫНҒА ЖАТА МА? немесе бір бармағын ішіне бүккен букмекерлік кәсіп
БӘС ТІГУ – ҚҰМАР ОЙЫНҒА ЖАТА МА? немесе бір бармағын ішіне бүккен букмекерлік кәсіп

Үлкен спорт – тек салауатты өмір салты емес, сондай-ақ, үлкен табыстың көзі. Бүгінде бұл бұлжымас қағидаға айналды. Соны ескеріп, балаларын тенниске, футболға үйретіп жүрген ата-аналар да жоқ емес. Өйткені бүгінде допты дұрыс тебе білсең, долларды уыстап ұстауға болады. Атағыңды алты қырдан асырып, әлемге әйгілі қылатын «әулиелігі» тағы бар спорттың. Әйтеуір кәсіби спорт – қазынасы ортаймайтын қамба іспетті…
Бүгінде осы қамбадан кәнігі спортшымен қатар қарапайым жанкүйер де өз үлесін алып жүр. Олар – алаңға шыққан спортшының әр адымынан ақша сауып отырған бәс тігушілер. Яғни, букмекерлер. Бұл сөз осыдан 10 шақты жыл бұрын қазаққа таңсық еді. Ал бүгінде бәс тігіп, бәсекені қыздырып жүргендер өз арамызда да жетіп артылады. Алайда бұлай ақша табудың дінімізге, ділімізге қаншалықты сай келетінін елеп жатқандар шамалы. Ендеше, осы мәселенің мәніне бірге үңіліп көрейік.

Жалпы бәс тігудің тарихы сонау Рим империясынан бастау алады. Ол кезде ат жарыстырып, қораз төбелестіріп, адамдар соған ақша тігетін болған. Алғашында бұл жай көңіл көтеріп, уақыт өткізу үшін ұйымдастырылса, бүгінде біреулердің күректеп табыс тауып отырған кәсібі.
ХІХ ғасырда кез келген спорттық ойынға алдын ала болжам жасап, ақша тігуге мүмкіндік туды. Сол-ақ екен, онсыз да делебесі қозып жүрген жанкүйерлердің тиегі ағытылды. Мұны байқаған пайдақұмарлар бәс қабылдайтын арнайы орталықтар ашып, ауадан ақша жасауға көшті. Содан бері букмекерлік кәсіптің аясы тарылып көрген жоқ. Қайта бүгінге дейін бәс тігушілердің бар байлығын иемденудің сан түрлі тәсілін ойлап тапқан букмекерлік кеңселер спортты қойып, саяси «ойындарға» да бәс қабылдайтынды шығарды. Мәселен ірі елдердегі президент сайлауларына қатысты өз болжамдарын жасап, халықты қызықтырып, қалтасын қағу қазіргі таңда таңсық емес.
Алғаш Ұлыбританияда ашылған букмекерлік кеңселер біздің елге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ келіп үлгерді. Десек те, мұндай кәсіпті бұрын-соңды көрмеген халық бастапқы кезде оларды елеген де жоқ. Оған әлеуметтік жағдайдың да себеп болғаны даусыз. Тек «қарын тойып, көйлек көгергеннен» кейін ғана кейбіреулер құмарлықтың құлы бола бастады. Жер-жерде казино мен ойынханалар ашылып, күн санап оған барушылардың саны артты. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын сезген Үкімет те дер кезінде қимылдап, Қапшағай мен Щучинск қалаларынан өзге жерде орналасқан барлық құмар ойын-сауық орталықтарына заңды түрде тыйым салды. Содан бері букмекерлік кеңселердің айы оңынан туып, аясы кеңейіп сала берді. Өйткені бәс тігу құмар ойындардың қатарына енбей, қалтарыста қалды.
Осы мақаланы дайындау барысында бәс тігудің қыр-сырына қанығу үшін Елордамыздағы букмекерлік кеңселерге бас сұққан едік. Бәс тігіп байығысы келгендердің дені жастар екенін байқадық. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі – студенттер. Аузынан жырып берген ақшасын баласы бәске тігіп жүргенінен ауылдағы ата-аналар бейхабар, әрине. «Ата-анам тұрмақ, осы қаладағы әпкем де білмейді. Егер олар білсе, мүлдем ақша бермей қоюы әбден мүмкін. Сондықтан барымша білдірмеуге тырысамын. Мен бұл жерге бір ғана мақсатпен, яғни пайда тапсам деп келемін. Кейбіреулер жәй уақыт өткізіп, сыра ішу үшін келеді», – деген Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент атын айтудан бас тартты.
Ескере кетер жайт, бәс қабылдайтын кеңселер студенттік жатақханалар маңында өте көп шоғырланған. Букмекерлікті кәсіп қылып отырғандар онсыз да жарып жүргені шамалы студенттерді біржола тонауға бел буған дерсіз. Тіпті құмарлыққа салынған кейбір студенттер ұялы телефон, ноутбук сынды бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігеді екен. Өзін Ержан деп таныстырған тағы бір студент бәс тігуге осыншалықты әуестеніп кететінін мүлдем ойламапты. «Басында жатақханада бірген тұратын достарыммен келіп жүрдім. Шыны керек, ол кезде бәс тігу тұрмақ, футболды мүлдем көрмейтінмін. Алайда достарымның тіккен ақшаларын екі-үш есе қылып қайтарып алғанын көріп, қызығушылығым оянды. Нәтижесінде өзім де букмекер атандым. Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін ұтқанымнан ұтылғаным көп. Қазір ноутбугым ломбардта жатыр. Соның қарызын өтейтін ақша шығарып алсам, бәс тігуді біржола қоямын деп жүрмін», – деп ағынан жарылды.
Бір қызығы, букмекерлермен ашық тілдесу өте қиын. Алғашында әр кеңсеге бір барып, тілдесетін адам таба алмадық. Өйткені бәс тігушілер жаңадан келгендермен және бейтаныс жандармен көп тілдесе бермейді екен. Кейін бәс тікпесек те бір кеңсеге үш күн қатарынан барып, «жергіліктілердің» көзіне үйрене бастадық. Күнде көріп жүргесін танымаса да бас изеп амандасатындар пайда болды. Соңында кеңес сұраған болып, келген себебін білуге тырысып, сыр суыртпақтадық. Кеңсе жағалап жүргендердің көпшілігі кем-кетігін жамап, қолындағысын еселеп қайтарғысы келетінін айтты. Расымен арасында бәс тігіп пайда тауып жүргендері бар. Тіпті жағдайын жақсартып, етек-жеңін бүтіндеп алғандары да кездесті. Дегенмен ондайлардың өте сирек екенін айта кеткен жөн.
Тағы бір кейіпкеріміз орда бұзар отызға келсе де күніне бір рет болсын букмекерлік кеңсеге келіп кетуді әдетке айналдырған. «Мен бұл жерге табыс табайын деп келмеймін. Онсыз да жағдайым ешкімнен кем емес. Тек құмарлықтан арыла алмай-ақ қойдым. Бұрын ойын автоматтарынан шықпаушы едім. Оларға тыйым салынған кезде қатты қуандым. Өйткені сол үшін ата-анаммен, туған-туыстарыммен және достарыммен жиі ренжісіп қалатынмын. Егер ойынға деген құмарлығың күшейсе, оны еркіңе бағындыру қиын екен. Кейде өзімнің ойынханаға қалай келгенімді сезбей қалатынмын. Абырой болғанда, оның бәріне заңмен тыйым салынып, қаладан аластатылды. Содан күні кешеге дейін мүлдем құмар ойын ойнаған жоқпын. Қанша рет сол үшін Бурабайға баруға оқталдым. Дегенмен, әйелім мен ата-анам сезіп қалып, жолым болмай жүрді. Кейін өзім де ұмытып кеттім. Тек осы жазда достарыммен футбол көрмек болып бір букмекерлік кеңсеге кірдік. Сол күні бірінші рет ақша тігіп, ұтысқа ие болдым. Содан бері күнде келетін болдым. Әйелім білмейді. Қанша келгім келмесе де, еріксіз күш осы жерге жетелейді де тұрады. Осы біз тұратын үйдің астында үш букмекерлік кеңсе бар. Мүмкін қашықтау болса, бармас па едім?!», – деген ол бәс тігуге де заңмен тыйым салынса қуанатынын жеткізді.
Десек те, бұл кейіпкеріміздің қалауы әзірге арман күйінде қала беретін түрі бар. Себебі, букмекерлік кеңселердің көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. Тіпті қаланың әр бұрышынан ашылып, оңай олжаға кенелуде. Кеңсе иелері де келушілерін қызықтыру үшін барлық жағдайды жасап қойған. Қабырғаға үлкен теледидар іліп, үстелдер мен жұмсақ орындықтар қойып, керек десеңіз, ғаламтормен де жабдықтаған. Тіпті кейбір кеңселерде алкогольдік ішімдіктерге дейін сатылады.
Кейбір букмекерлердің бәс тігуді құмар ойындарға жатқызбайтыны бізді таң қалдырды. Тіпті, «спорттан хабарын болып, дұрыс есептей білсең, мүлдем ұтылмауға да болады» дегендерді кездестірдік. Мүмкін олар өздерін ақтап, құмар ойынға салынғандығын мойындағысы келмейтін шығар. Өйткені бәс тігу заңды түрде құмар ойындарға жатпаса да, шариғатта рұқсат етілмейді. Бұл жөнінде Астана қаласындағы «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Асхат Салимов айтып берді.
«Бәс тігу сөзсіз құмар ойындарға жатады. Өйткені ол жерде жеңіл жолмен, күш жұмсамай пайда табу мақсаты көзделген. Табыс табудың бұл жолы Исламда құпталмайды. Абдулла ибн Омардың (р.а.): «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – деген сөзі бар. Сондай-ақ, ибн Жәриж Ата ибн Мәйсараның: «Еңбексіз, жеңіл жолмен келетін көлденең табыстың бәрі құмар ойын», – деп бағалағанын жеткізген. Ал Мәкхуль бұған қатысты: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойын болып саналады, ал құмар ойын – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы», – деп анықтама берген. Демек, бүгінде жастар арасында кең етек жайып бара жатқан бәс тігудің құмар ойындарға жататыны даусыз. Ал мұндай ойынға әуестік Алланың қаһарына ұшыратуы әбден мүмкін. Өйткені Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!» («Мәида» сүресі, 90-91-аят), – дейді. Яғни, құмар ойын шайтанның амалы.
Сонымен қатар, бәс тігуде ысырапшылдыққа, өсімқорлыққа, болашақты болжауға және уақытты зая кетіруге жол беріледі. Мұның бәріне асыл дініміз қарсы екені белгілі. Сондай-ақ, қоғамға да айтарлықтай зиян», – деген А.Салимов құмар ойындарды бөліп-жармай, бәріне бірдей тосқауыл қою керектігін тілге тиек етті.
Иә, расымен бұл мәселеге бүгін көңіл бөлмесек, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Себебі, букмекерлік кеңселер күн санап күш алуда. Тіпті, үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасап қойған олар мұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Бәс тігу орталықтарында алкогольдік ішімдіктердің сатылуы да тегін емес. Ол аз десеңіз, әлемге танымал ірі букмекерлік орталықтар ойынның нәтижесіне әсер етіп, миллиондаған жанкүйерлерді сазға отырғызып кетеді. Яғни, ойыншыларды сатып алады. Мұндай жағдай ресми түрде анықталмаса да жанкүйер арасында көп айтылады. Мәселен, жеңісіне күмән келтірмейтін ең мықты теннисші белгісіз біреуден ұтылып қалуы мүмкін. Ал оның жеңісі үшін сан мыңдаған жанкүйердің тіккен ақшасы букмекерлік орталықтардың қамбасына құйылады. Әрине, мұндай олжадан ойынын сатқан спортшы да құр қалмайды. «Екі түйенің ортасында шыбын өледі» демекші, нәтижесінде бәс тіккен жанкүйерлер ғана жапа шегеді.
Сондай-ақ, бәс тігу тек материалдық емес, моральдық, психологиялық шығынға да ұшыратады. Ал мұндай шығын қоғамның рухани дамуын тежейді. Қаншама жастарымыздың ата-анасын, туғандарын алдап, айдаладағы спортшының тілеуін тілеп жүргені соған дәлел. Тіпті, бәс тігемін деп оқуынан шығып қалғандарды да кездестірдік. Букмекер боламын деп жүріп, ішімдікке әуестенген жанды да көзіміз көрді. Солардың көбі өзіміздің қаракөздеріміз. Ең өкініштісі, сырадан ұрттап қойып, жігіттермен бірге спорт ойындарын талқылап отырған қыздарды көргенде жағамызды ұстадық. Бұлардың барлығы да қызығушылықпен бастап, құмарлыққа бой алдырғанын сезбей жүрген жандар. Ал құмарлықтың өрісі кеңейген жерде қылмыс та артып, ынтымақ-бірлікке сызат түсетіні сөзсіз. Ендеше еңсемізді тіктеп, елдігімізді нығайту үшін букмекерлерге де заңмен тыйым салғанымыз жөн.

Еламан ҚОҢЫРОВ

Аманжол ӘлиАманжол Әли
8 лет назад 7486
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир